Қазақстанға инвестиция салу - бүкіл Еуразия құрлығына инвестиция салумен тең - Ф. Олланд

Қазақстанға инвестиция салу - бүкіл Еуразия құрлығына инвестиция салумен тең. Бұл туралы бүгін Алматыда «Ғылым ордасы» РМК ғимаратында ғалымдар алдында сөйлеген сөзінде Франция Президенті Франсуа Олланд мәлімдеді.«Қазақстанның жер аумағы Франциядан бес есе үлкен. Ол Еуразияның кіндігінде орналасқан. Сондықтан, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпір іспеттес. Сол үшін француз инвесторлары бұл жағдайдың тиімділігін барынша толық пайдалануы тиіс. Қазақстанға инвестиция салу - бүкіл Еуразия құрлығына инвестиция салумен тең. Сондықтан, біз екі ел арасындағы ортақ диалогты одан әрі дамытуымыз қажет. Осы мақсатта Қазақстанның көптеген аймақтарында алдағы уақытта арнайы өкілдерімз жұмыс істейтін болады»,  - деді Ф. Олланд.

Сонымен қатар, Франция Президенті сөз соңында Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік аясында Алматының алатын орны ерекше екендігін атап өтті. 

«Бүгінде Алматы қаласында 250-ден астам Франция азаматы тұрады. Көбісі бүгінгі жиынға бүкіл отбасымен келіп отыр. Көпшілігі бизнес саласында еңбек етеді. Олар Алматының қонақжайлылығына, бизнеске қолайлы жағдай жасалып жатқандығына риза. Бұған мен де ризамын. Олар Алматы қаласына қатысты ірі жобаларға қатысуға қашан да дайын. Сондай-ақ, болашақта Астана мен Париж арасында тікелей әуе байланысы орнатылады. Демек, Қазақстанға келем деуші француз туристеріне 6-ақ сағат уақыт жеткілікті болады деген сөз», - деді Ф. Олланд.

Айта кетелік, бүгінгі шараға сонымен қатар Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Алматы қаласындағы Консулдығының және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ қаладағы жоғары оқу орындарының басшылығы мен ғалымдар, студенттер және журналистер қатысты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе