Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр - Мысырдың дін істері жөніндегі министрі

Дін саласындағы қазақстандық-мысырлық ықпалдастық, дінтану және теология саласында білікті мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстан астанасында өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының Съезін ұйымдастырудың маңыздылығы тілшісіне берген сұхбатында Египет Араб Республикасының дін істері жөніндегі министрі Мұхаммед Жұма айтты.- Құрметті министр, Қазақстанға келген сапарыңыздың мақсатын атап өтсеңіз

- Қазақстан мен Мысыр елдері арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында осы сапар мүмкін болып отыр. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен, ҚР Парламенті Сенатының вице-спикері Асқар Бейсенбаевпен, Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан Малғажыұлымен кездестім. 

Кездесу барысында екіжақты гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. «Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетін дамыту, дін саласы мамандарын дайындау мәселелері қаралды. Мәселен, біз қазақстандық дінтанушылар мен теологтардың біліктілігін арттыру жөнінде келісімге келдік. Осы орайда ислам әлеміндегі ең беделді оқу орындарының бірі «Әл-Азхар» университеті көмек көрсетеді. Мысыр ғалымдары Қазақстанға дәріс оқу үшін келіп отырса, қазақстандық  мешіт имамдары біліктілігін арттыру үшін бізге жіберіледі.

Қазақстандық студенттерді Египетте діни салада оқыту мәселесін Қазақстанның Бас мүфтиімен мынадай ұйғарымға келістік. Қазақстандық тарап студенттерді ресми рұқсатпен ғана жібереді. Біздің тарап ресми түрде жіберілген студенттерді ғана қабылдап, олардың білім алуына кететін шығынды Мысыр үкіметі өз мойнына алады. Өз бетінше келгендер оқу орнына қабылданбайды.  Сондай-ақ дін тақырыбындағы түрлі ғылыми және практикалық шараларға бірге қатысуға уағдаластық. 

Атап айтқанда, Мысыр делегациясы 2015 жылдың 10-11 маусымында Астана қаласында өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V Съезіне қатысады. Келесі аптаның соңында қазақстандық делегация діни форумға қатысу үшін Мысырға аттанады. Сәуір айында Каирде өтетін халықаралық конференцияға қазақстандық делегация шақыртылды.

- Соңғы онжылдықта теріс пиғылды ұйымдар дінді өз мүдделері үшін пайдаланып, шынайы дінге көлеңке түсіруде.  Осылайша түрлі конфессиялар арасында шиеленіс туындап отыр. Бұған қалай қарсы тұруға болады?

- Өкінішке қарай, қазіргі уақытта дінді өзінің саяси мүддесі үшін пайдаланатын ұйымдар бар. Олар өздерін «Ислам мемлекеті» немесе «нағыз мұсылмандар» деп атайды. Олар исламға қарсы әрекет етуде. Мұндай ұйымдар негізінен жастардың санасын улайды. Ашығын айтқанда, өздерін «Ислам мемлекеті» деп атаған ұйым ислам дініне еш қатысы жоқ. Бұл топ мұсылмандарға ғана емес, барша адамзатқа қарсы әрекет етуде. Әр нәрсені өз атымен атау қажет. Лаңкесті лаңкес, кісі өлтірушіні өлтіруші деп атау керек. Алайда, өкінішке қарай, соңғы кездері түсініктерді алмастыру белең алып отыр.

Бұл бағытта дін өкілдері түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. БАҚ-тың да маңызы зор. Олар шынайы ақпаратты таратуы қажет. Барлығымыз жұмылып әрекет еткенде ғана мұндай ұйымдарға қарсы тұра аламыз. Ислам дінінде адам өлтіру мен лаңкестік әрекеттерге қатаң тыйым салынған. Мұсылман болсын, басқа дін өкілі болсын, адамға зиян келтіруге болмайды.

- Қазақстандағы діни ахуал жөнінде пікіріңізді біле отырсақ

- Тұрғындар бейбіт әрі келісім орнаған елде тұруы үшін Мемлекет басшылығы үлкен жұмыс атқарып келеді. Түрлі дін және этнос өкілдері арасында келісім болуы үшін бұл өте маңызды мәселе.  Қазақстанда мұның барлығы бар. Сіздердің Президенттеріңіз көреген саясат ұстанып отыр. Мен Қазақстанда түрлі деңгейде бірқатар кездесулер өткіздім. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Бұған көзім жетті. Көптеген елдер бұл салада Қазақстан тәжірибесімен танысуы тиіс деп ойлаймын.

- Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының Съезі туралы сіздің пікіріңізбен бөліссеңіз... - Съезд ұйымдастыру - бұл ауқымды жұмыс. Қазақстан Президентіне осы бастама үшін алғыс айту қажет.  Бүгінде түрлі дін өкілдері арасындағы диалог ауадай қажет. Сіздердің Елбасыларыңыз бұл бағытта сүбелі үлесін қосуда.

- Бұл сіздің Қазақстанға алғаш рет келуіңіз. Қандай әсер алдыңыз?

- Қазақстаннан жақсы әсер алып қайтқалы жатырмын. Көптеген мағыналы кездесулер өтіп, келісімдерге қол жеткіздік. Халқымыздың болашағы мен елдеріміздің жақсы қарым-қатынасының дамуына қолдан келгеннің барлығын жасауымыз қажет. Астана тамсандырды. Жас, заманауи елордаңыздың сәулеті көздің жауын алады, сондай-ақ Астананың мейірімді тұрғындарынан ерекше әсер алдым.

- Сұхбатыңызға рахмет!
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе