Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Канадамен байланысы арта түспек

АЛМАТЫ. 24 Бүгін  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов Қазақстандағы Канада Елшісі  Стефан Миллер мен Канаданың Карлстон университетінің профессоры, доктор Петр Дуткевичпен  екіжақты байланысты арттыру мақсатында кездесу өткізді. Кездесу барысында ҚазҰУ-дің ректоры бүгінде университетте шетелдік байланыстардың артып келе жатқанын, әрбір шетелдік жоғары оқу орындарымен меморандум, келісімшарттар өз деңгейінде жұмыс істеп жатқандығын, оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер тәжірибе жинау мен білім деңгейін жетілдіру мақсатында бірқатар шетелдерге барып ыңғайлы да ұтымды бағдарламалар негізінде  білім алып келе жатқандығын айтты.

Өз кезегінде Елші Стефан Миллер Канададағы білім беру ісі туралы, студенттер ағылшын-француз тілдерінде оқытылатынын тілге тиек етіп, ең маңыздысы Елшілікпен ҚазҰУ-дың екі арадағы байланысын арттыру ісіне үлкен мән беретінін жеткізді.

 Айта кетсек, Канадада ағылшын тілі мен француз тілдері  мемлекеттік тіл болып табылады. Сол себепті, өзге елден келген студент қалауынша қай тіл ыңғайлы, сол тілде оқу курстарын тыңдай алады.

 «Екіжақты байланыс үнемі сақталып отырса, тәжірибе алмасу, екіжақты диплом алу бағдарламаларын жасау, сондай-ақ, егер Канаданың студенттері біздің университетпен, Орталық Азиямен танысқылары келсе, оларға ыңғайлы ағылшын, француз тілдерінде таныстыру жұмыстарын ұйымдастыруға дайынбыз», - деді ректор.

 Кездесуге арнайы қатысқан ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Канаданың білім беру ісімен таныс екендігін, студенттердің ол елге барарда виза дайындау оңайға түспейтін тұстарына тоқталды. Осы тұста Елші Стефан Миллер Елшілікте алдын-ала тізім даярланып, Канададан рұқсат қағазын күтуге көп уақыт кететінін ескерсек, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысатынын жеткізді.

 Кездесу барысында ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің   деканы Кәрімжан Шәкіров Канаданың ақпараттық-ресурстық орталығын факультет жанынан ашу ұсынысын білдірді. Ол ұсыныс Елші тарапынан  қолдауға ие болды. Келісім іске асса, жақында мұнда Канаданың ақпараттық-ресурстық орталығы ашылмақ. Бүгінде ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде 7 ақпараттық-ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Соның бірі жақында ғана ашылған  «Германдық зерттеу орталығы».

Кездесу соңында Стифен Миллер мен Петр Дуткевич студенттердің сұрақтарына жауап беріп, мұражайда болып қайтты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе