Білім және ғылым министрі Алматы облысына жұмыс сапарын жасады

АСТАНА. 11 ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бүгін Алматы облысына жұмыс сапарын жасады.Сапар барысында министр Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды pm.kz сайты.

Министр сапар барысында Алматы облысының активімен кездесті және кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары С.Мұқанов жиналған жұртты мемлекеттік бағдарламаның өңірдегі іске асырылу барысымен таныстырды.

Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов өз кезегінде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында білім беру саласына қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттер туралы әңгімелеп берді.

«Елбасы педагог кәсібінің беделін арттырып, жан-жақты қолдау көрсетуге көп көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдауында да Нұрсұлтан Әбішұлы педагогикалық құрамның сапасын арттыруды тапсырды. Аталған тапсырмаларды іске асыру үшін біз педагогикалық білім беру стандарттарын жаңарту, біліктілікті арттыру орталықтарының жаңа жүйесін қалыптастыру сияқты шаралар қабылдап жатырмыз», - деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов өз сөзінде.

Атап айтқанда, Педагогтардың біліктілігін арттыру жөніндегі ұлттық орталық, Назарбаев Зияткерлік мектептері жанынан Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылды. Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының жандарынан Біліктілікті арттыру орталықтары, Назарбаев Университетінде «Білім» факультеті құрылады. Жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыру жүйесі жасалады. Педагогтардың біліктілік деңгейін растаудың ішкі рәсімі де осы бағыттағы жаңа қадам болмақ.

Озық халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып білім саласында Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Кәсіпқор» холдингі, «Назарбаев Университеті» сияқты «өсу нүктелері» құрылды. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша барлық білім беру жүйесіне олардың тәжірибелері таратылатын болады.

Қазақстанда сондай-ақ «E-learning» электронды оқыту жүйесі біртіндеп енгізілуде және Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын дамыту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспары жасалуда. Және Жолдауға сәйкес, Жастарды тәрбиелеудің 2013-2015 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.

«Елбасы Жолдауында «жұмыс істейтін жастардың өндірістен қол үзбей білім алуына мүмкіндік беру жөнінде ұсыныстар енгізу» міндеті жүктелген болатын. Осы мақсатта біз осындай білімнің тиімді жүйесі бар елдердің тәжірибелерін зерделеп жатырмыз. Жақында Германияға барған сапарымызда техникалық және кәсіптік білім берудің дуальды жүйесімен таныстық. Қазір бұл жүйені Қазақстанда қолдану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», - деп хабарлады Б.Жұмағұлов.

Білім және ғылым министрі сондай-ақ Алматы облысының білім беру саласындағы жедел шешімді қажет етіп отырған бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, шағын жинақты мектептердің проблемаларын шешу үшін республика бойынша тірек мектептері (ресурстық орталықтар) құрылуда, Алматы облысында ондай екі орталық бар. Оқушы орындарының жетіспеушілігі проблемасын шешу және облыстағы үш ауысымдық жүйені жою үшін 2012 жылы 3 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Білім және ғылым министрі жұмыс сапарының соңында Алматы облысының Ақсу ауданына аялдап, бірқатар білім ошағын аралады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе