Білім саласындағы бәсекелестік алдағы дамудың басымдығына айналуы шарт

АСТАНА. Қаңтардың 25/Қанат Мәметқазыұлы/  ‑ Күні кеше Үкіметтің былтырғы жылды қорытындылауға арналған жиынында Мемлекет басшысы алдағы уақытта қазақстандық дамудың негізгі бағыттары мен маңызды міндеттеріне тоқталып, баса назар аудару қажет етілетін басымдықтарды айқындады. «2010 жыл біз үшін 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламамызды жүзеге асыру негізінде Қазақстанның дәйекті өсімнің орнықты траекториясына шығатын жыл болуы тиіс», деген Елбасы даму үлгісіне қатысты бірқатар мәселеге ерекше тоқталып өткен болатын.    Мәселен, Президент бұл ретте  Үкімет 2010 жылғы жұмысында, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын түпкілікті пысықтағанда Финляндияның тәжірибесіне арқа сүйеуі қажеттігін алға тартты. «Біз бұрын өз дамуымызда Оңтүстік-Шығыс Азияның барыстарынан сабақ алдық. Олардың стратегияны қалай жасағанын, қалай дамығанын, кадрларды қалай дайындағанын үйрендік. Ал қазір бұл кезеңнен өттік, енді бізге Финляндиядан үйренген жөн», деген Президент Финляндияның қарқынды дамуының маңызды тұстарын да атап көрсетті. «Ең алдымен жоғары стандартты білім. Екіншісі, ғылыми әзірленімдерге қаражатты бөлудегі бәсекелестік. Үшіншісі, келешектің ұлттық инфрақұрылымдары. Төртіншісі, мемлекеттің, ғылым мен бизнестің күшін біріктіру. Егер қысқаша айтатын болсақ, олардың дамуы осы төрт тұжырымнан тұрады», деді Мемлекет басшысы. 

    Шындығанда, елдің бәсекелестігін дамытуда білім-ғылым саласына басымдық беру - бұл болашаққа ақыл-ой инвестициясын салумен бірдей. Яғни, келешектің қамын адами капитал арқылы белсендіре түсу. Жалпы алғанда, білім-ғылым сапасы кез-келген мемлекет үшін тұрақты әрі орнықты дамудың негізгі факторы болып табылады. Соның ішінде білім саласындағы адами капитал ілгерішіл өзгерістердің, инновацияның және елдің өнімділігін арттыратын басты қозғалтқышы екені даусыз. Бұл ретте білім беруді сапалы жаңарту, денсаулық сақтау жүйесінің тиімді қызметін арттыру және еңбек ресурстарының оңды саясатын жүргізу маңызды. Ендеше Фин елінің Елбасы Н. Назарбаевты қызықтырған білім саласына қатысты ерекшеліктеріне аз-маз тоқталып өтсек.

     Расында, соңғы жылдары дамудың ерекше қарқынына көтерілген Финляндияның бүгінгі білім саласының жағдайы кісі қызығарлықтай. Тіпті, өзіндік дамудың өте қысқа тарихына ие болып отырған бұл мемлекет соңғы 70 жыл ішінде білім беруді қолдау арқылы кереметтей жетістіктерді бағындырған. Финляндия жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша (32 мың еуро) жоғары қарқынмен дамыған елдердің қатарында. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы есебіне сәйкес, бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингісі бойынша алтыншы орында тұр. Бұндай финдік жетістіктің бастауында білім саласындағы реформалардың тұруы да бекер емес.

   Білім беру сапасының жоғарылығы, білім жүйесінің жоғары тиімділігінің қалыптасуы жағынан осы бір шағын мемлекет әлемдегі экономикалық және саяси даму жағынан алдыңғы орыннан түспей келетіні де рас. Мәселен, білім беру жүйесінің сапасына қатысты әлем елдерінде бірқатар тәуелсіз зерттеулер жүргізген орталықтар шындығында да Финляндияның білім-ғылым саласын жоғары бағалаған. Атап айтқанда, PISA-ның (Programme for International Student Assessment-Оқушылардың білім жетістігін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама) 2009 жылғы зерттеулеріне сәйкес, Финляндия мен Қытай бұл салада әлем елдерінің ішінде көшбасшы мемлекеттер ретінде танылып отыр.

     Халқының саны шамамен 5 млн. адамды ғана құрайтын Фин елінің білім беру үлгісіндегі басты ерекшелік - білім берудің үздіксіз жүйесін қолдануында болса керек. Финляндияда ең бастысы балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуына үлкен назар аударылған. Фин оқушыларының басым бөлігі, тіпті түгелге жуығы ең алғашқы оқу табалдырығын аттап, мектеп партасына жайғаспас бұрын алдымен, балабақшадағы дайындық тәрбиесімен сусындайды. Мектепке дейінгі дайындық білімімен ауыздандыру мәселесіне үлкен назар аударылатыны соншалықты, кей жағдайда осы төңіректе қоғамдық пікірталастар, проблемалар ашық, бұқаралық талқыға шығарылып отырады екен. «Баланы бесіктен» бастап біліммен емізу, білімге қарай икемді етіп, «бағып-қағу» дегеніңіз осы шығар.

       Балабақшадан кейінгі кезеңде негізгі мектепте оқушы 16 жыл бойы білім алады. Мектептегі білім алудың финдік ерекшеліктерінің тағы бірі - бұндай оқу орындарда емтихандардың жоқтығында болып отыр. Яғни, бала негізгі орта мектепті тәмамдағаннан соң да емтихан тапсырмайды. Елде жеке меншік білім беру мектептері жоқтың қасы - барлық дерлік мектептер мемлекеттің қарамағында. Әрі мектептердегі білім беру сапасы біркелкі. Мектепті бітірген оқушы өз білімін одан сайын шыңдаудың негізгі бағыттарын таңдау мүмкіндігіне, болашақ мамандықты ажырату құқына ие болады. Мамандыққа қатысты мектептен кейінгі саты -  гимназия мен кәсіби училищелер. Бұндай оқу нысандарды да мектептегі секілді толығымен мемлекет қамтамасыз етеді. Онда білім алушылардың тамақтануынан бастап, сабаққа келіп-кету жол шығындары да мемлекеттің мойнында. Одан кейінгі сатыларда университет, политехникалық институттық білім мекемелері, магистратура секілді болып жалғаса береді.

Жалпы қай саты болмасын, Фин еліндегі білім саласының мемлекеттік қолдауы өте жоғары. Оның ішінде жоғары оқу орындары - университет пен институттардағы мемлекеттің қаржыландыру үлесі 72 пайызға дейін жетеді екен.

Сарапшылар Финляндиядағы білімнің озық жүйесінің қалыптасуын ұзақ мерзімді саясаттың жемісі деп бағалайды. Өйткені, ондаған  жылдар бойы білім беру саласын дамыту ұлттық басымдықтардың ең алдыңғы орында тұрды. Жыл сайын Фин үкіметі білім беру саласын қаржыландыруға 5 млрд. 466 млн. еуро шамасында немесе бюджеттің шығыс бөлігінің 15,5 пайызын жұмсап келеді. Бұнымен қоса, Финляндияның тұтастай жоғары оқу орындарына жұмсалатын мемлекеттік шығыстар  жалпы білім саласына қатысты шығыстардың 21,7 пайызын құрайтын болып отыр. Сонда жоғары оқу орындарындағы бір ғана студент үшін жұмсалатын мемлекеттік шығын жылына 8 мың еуроны құрайды.

Жалпы, финдік білім беру жүйесінің басқалардан негізгі ерекшеліктері ретінде бірқатар мәселелерді аңғаруға болады. Біріншіден, білім беру жүйесі сегменттерінің бір-бірімен аса мығым байланыста болуы. Мәселен, финдіктердің балабақшасы мектептермен тығыз ықпалдасып тұрса, мектептің жоғары оқу орындарымен терең  қатынасы ыңғайлы жолға қойылған. Сәйкесінше, жоғары оқу орындары да мектептермен өзара ықпалдасып, ондағы білім сапасының артуына жағдай жасауға құлшынып тұрады. Осыдан-ақ үздіксіз білім тізбектеліп,  бірімен бірі жалғасып, оқушы бір сатыдан екінші бір сатыға ауысқанда ондағы үдерісті айтарлықтай сезбей өтеді. Бұл баланың оқу үлгеріміне ғана емес, басқа деңгейге көшудегі ерекшеліктеріне де еш әсер етпей, бұрынғы қалыпты дамуды қамтиды. Екіншіден, жоғары оқу орындарының «әлеуметтік жауапкершілігі» - бұл Финляндия білім саясатының ұлттық басымдықтарының бірі болып табылады. Білім институттары бұл ретте түрлі әлеуметтік топтарды құрайтын жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыста болады. Сонымен бірге, мұғалім, ұстаз мәртебесінің жоғары болуы, бұндай мамандық иесіне деген құрметтің ерекшелігі де өзгеше. Соның айғағы болар, Фин еліндегі мектепті бітіруші түлектер арасында ұстаздыққа деген құлшыныс жоғары болатын көрінеді. Бұндағы қызығушылықты тудыратын нәрсе - елдегі мұғалімдер жалақысының жоғары болуы ғана емес көрінеді (фин мұғалімдерінің жылдық табысы 17 мың еуро). Финляндия Білім министрлігі педагогикалық кадрлар құрамын жасарту саясатын үнемі жүргізеді, нәтижесінде мектепке талантты әрі жас мамандар көп тартылады. Білім берудің осындай икемді жүйесі  арқылы Финляндия Еуропада халқының сауаты жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Мәселен, Еуропа елдерінде 15 жастан асқан азаматтар арасындағы жоғары білімді тұлғалар саны 16 пайызды құраса, Финляндияда бұл көрсеткіш 24 пайызға дейін жетеді.

Өткен ғасырдың бас кезінде-ақ неміс ойшылы Макс Вебер мәдениет пен экономикалық дамудың өзара қимылын зерттеп біршама қорытындылар шығарған екен. Оның пайымдауынша, үлкен ауқымнан қарағанда, ұлттар тауарлармен және қызмет көрсетулермен ғана бәсекелеспейді - олар қоғамдық құндылықтар жүйелерімен және білім беру жүйесімен де бәсекелеседі. Бұл бір жағынан бүгінгі күні де анықталып, айқындалып келе жатқан дүние. Өйткені, бүгінгі күні бірінші кезекте адамның «ақыл ойына» да көп күш салынады. Сонымен бірге, бәсекеге қабілеттілік деңгейін айқындайтын  негізгі өлшемдердің  бастылары да білім саласымен тікелей байланыстылар. Сондықтан да, Қазақстанның әлемдегі озық үлгі орнатқан елдердің жолымен жүргені құптарлық шара. Бұл жайында былтырғы Фин еліне сапары барысында Елбасы: «Финляндиямен қарым-қатынас Қазақстан үшін аса қажетті. Себебі, бұл ел әлемде өзіндік орны бар, білім-ғылым саласында, инновация бағытында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Егерде біз бәсекеге сай ел болғымыз келсе, Финляндияның жүрген жолымен өтіп, тәлім-тәрбие алғанымыз өте пайдалы болады», - деп атап өткен еді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе