Алматыда «Тәпсір тұнығы» кітабының тұсауы кесілді (ФОТО)

Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанынан шыққан жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды аталмыш діни басқарманың баспасөз қызметінен.Оқырман қауымға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың «Тәпсір тұнығы» (29 пара) кітабы, ҚМДБ редакциялық алқасы бірігіп шығарған «Дін - насихат» және «Жұма уағызы» (дін қызметкерлері үшін оқу-әдістемелік құрал) атты кітаптар кеңінен таныстырылды. Адасқан ағымдардың арбауынан сақтайтын кітаптар қатысушы қонақтар мен Ұлттық кітапханаға сыйға тартылды.  

«Құранның мән-мазмұнына жеке мұсылман ретінде де, дін саласының маманы ретінде де жастайымнан қызықтым. Өйткені Құран - мұсылман өмірінде ерекше орын алатын ең қастерлі кітап. Сонау 90-шы жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медреседе оқып, қасиетті кәламды жадыма тоқып жүрген кезімде де Құранда не айтылғанын білуге, ой елегіне салуға құмартқаным рас. Кейінірек, Қазақстанда ашылған алғашқы Ислам институтында Құран тәпсірінен сабақ беру бақытына ие болдым. Алланың сөзі - Құранды халыққа жеткізуден асқан қызмет жоқ шығар деген пікір санама әбден орнап алды. Құран - құлшылық, Құран - ғалым, Құран - шипа. Ол - мәдениет, ол - өркениет, ол - бүкіл адамшылық қасиеттердің қайнар бастауы. Құран арқылы Алла Тағала өз пенделерін қараңғылықтан жарық нұрға алып шығады», - деді осыған орай наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.

Бүгінгі шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков, «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев, Дінтанушы, Ph.D докторы Алау Әділбаев сынды зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және имамдар қатысып жаңа кітаптар туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Айта кетелік, Діни басқарма жанынан жарық көрген кітаптар Республикамыздың барлық аймақтарындағы мешіттер мен медреселерге, сауат ашу курстарында тегін таратылатын болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе