Республика мектептерінде 44 мыңға тарта оқушы неміс тілін меңгеруде - ҚР БҒМ

АСТАНА. 20 қазан.  ҚазАқпарат - Былтырғы жылдың есебі бойынша республика мектептерінде 43 870 мың оқушы неміс тілін меңгеруде.Бұл туралы бүгін Астанада «Жаңа әдістер - мол нәтиже» тақырыбымен неміс тілі мұғалімдерінің 14-ші құрылтайы кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті бастығының орынбасары Шынар Кәзімова мәлім етті.  

«ҚР мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарында отандық орта мектептерде 4 шетел тілін оқыту қарастырылған. Олар: ағылшын, неміс, француз және араб тілдері. Былтырғы жылдың есебі бойынша республика мектептерінде 43 870 мың оқушы неміс тілін меңгеруде. Орта білім саласында 970 неміс тілінің мұғалімі жұмыс істеуде, олардың 917-сі жоғары білімді мамандар», - деп атап өтті ол.

Ш.Кәзімованың хабарлауынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі неміс тілін оқыту бағытындағы мәселелерді шешуге белсенді қолдау білдіріп келеді. Осылайша, 2002 жылдан бастап ҚР БҒМ-нің қолдауымен Қазақстанда арнайы неміс тілін тереңдетіп оқытатын 7 жалпы білім беру гимназияларының негізінде DCD мектептері жобасы қолға алынған.

«Жоба аясында аталмыш 7 гимназияның түлектері білімдерін Германияның ЖОО-ларында жалғастыру құқығына ие болды. Бүгінгі таңда 911 түлек осындай дипломдарға ие болды. Сонымен қатар PUSH атты жоба аясында гимназиялар соңғы төрт жыл бойы Германияның мектептерімен әріптестік қарым-қатынас орнатуға үлкен мүмкіндік алды. Германия мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің шеңберінде арнайы мамандандырылған 7 гимназияға Германиядан неміс тілінің оқытушыларын шақыртып отырамыз», - дейді ҚР БҒМ өкілі Ш.Кәзімова.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада «Жаңа әдістер - мол нәтиже» тақырыбымен неміс тілі мұғалімдерінің 14-ші құрылтайы өтуде. Екі күнге жалғасатын шара барысында неміс тілінде берілетін білім деңгейін көтеру жолындағы  өзекті мәселелер қаралып, дидактикалық-әдістемелік тақырыптарында дәрістер оқылып, неміс тілінің кәсіби мамандарымен тәжірибе алмасу жолдары қарастырылады деп күтілуде.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе