БҚО-ға «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруға 700 млн.теңгеден астам қаржы бөлінді

ОРАЛ. 22 Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Тәжірибе және мансап» апталығы өтуде.20-25 ақпан аралығында дөңгелек үстел отырыстары мен өндірістік тәжірибелер ұйымдастырылып, «Дипломмен ауылға!», «Микронесиелеу», «Жастар тәжірибесі» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары таныстырылуда. Сондай-ақ жұмыс берушілермен студенттердің тәжірибесін ұйымдастыру және түлектерді жұмыспен қамту туралы меморандумдарға қол қойылады.

Университеттің кәсіптік тәжірибе және студенттік мансап департаментінің директоры Бейбіт Нәсиевтің айтуынша, жастарды, оқу орнын бітірген түлектерді ауылдық жерде еңбек етуге ынталандыру бағытында осыдан төрт жыл бұрын қолға алынған «Дипломмен - ауылға!» жобасы өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Аталмыш жоба мақсаты - ауыл мәртебесiн арттырып, ауылда жұмысқа қабiлеттi тиiмдi еңбек ресурстарын жаңарту. Ал жобаның негiзгi идеясы - жоғары оқу орындары мен колледждерде бiлiм алушы жас мамандарды ауылға тарту. Бұл идеяны iске асырудың екi тәсiлi бар. Оның алғашқысы «ауыл квотасы» бойынша бiлiм алған ауыл жастарын мiндеттi түрде ауылға қайтару және екіншісі, қала жастарын ауылда жұмыс iстеуге шақыру. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы Раиса Еркеғалиеваның мәлімдеуінше, облыста үш жылдың ішінде мыңнан астам жас маман ауылға тұрақтаған екен. Бір айта кетерлігі, жастардың ауылда жұмыс істеуге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді.  2011 жылдың өзінде 684 жас маман жұмысқа орналасып, 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір жолғы көтермеақыға қол жеткізген. Бұл мақсатқа 94 млн. теңге қаржы жұмсалды. Ал ауылға ат басын бұрған 224 жас маман жоба аясында көзделген жеңілдетілген несие бойынша баспана сатып алып, қоныс тойын тойлаған. Егер 2009 жылы несие көлемі 630 АЕК мөлшерінде болса, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдетілген несие көлемі 1500 АЕК-ке, яғни 2 млн. 427 мың теңгеге ұлғайған.

Раиса Жұмахметқызының айтуынша, биылғы жылдың ең басты жаңалығы «Дипломмен ауылға!» жобасына ауыл шаруашылығы мамандарының, соның ішінде ветеринария мамандықтарын игерген жастардың ілігуі. Бұған дейін аталмыш көмек тек денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына ғана тиесiлi болып келген еді.

2012 жылдың 12 қаңтарында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Заң қабылданды. Соған сәйкес 2012 жылдан бастап ауылдық елді мекенге келген әлеуметтік саланың мамандарымен қатар ветеринария саласы мамандарына да «Дипломмен - ауылға!» жобасы аясындағы әлеуметтік қолдау тиесілі деп танылды. Тағы бір жаңалық, жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үйді сатып алу ғана емес, салып алу жолдары да қарастырылуда.

Қазіргі таңда «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен облыстық қазынаға қажетті қаржы келіп түскен. Дәлірек айтқанда, 97 млн. теңге бір реттік көтермеақыға, 611 млн. теңге баспана жайын шешуге арналған жеңілдетілген несие беруге бағытталмақ.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе