Бір жарым ғасырлық тарихы бар мектепте Ғани Мұратбаев білім алған - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 2 Қызылорда облысы Қазалы қаласындағы №16 орта мектептің педагогикалық ұжымы Қазақстан халқы бірлігі күнін ұйымдасқан түрде үлкен шаттықпен қарсы алды.Бұл мереке аталмыш ұжым үшін қашаннан мерейлі мерекелердің бірінен саналады. Себебі, ұжымның өзі интернационалдық  сипатты болып табылады. Мұнда қазақ, орыс, өзбек, татар және неміс ұлтының өкілдері бір жеңнен-қол, бір жағадан бас шығарып еңбек етеді. Мектептегі оқушылар құрамы да осылай әр түрлі ұлттың өкілдерінен құралған. Ал оқу орының тарихы бір жарым ғасырдан да асып түседі.  Облыстағы ең көне мектептердің бірі болып табылатын оның іргесі 1860 жылы қаланған.

«Басында орыс көпшілік мектебі есебінде ашылған»,- дейді мектептің қазіргі директоры Оңталап Романов. - Педагогтар көркем оқу, грамматика, арифметика және құдай сөзі пәндері бойынша дәріс берген. 1872 жылы мектеп қалалық училище, ал 1978 жылы екі сыныпты кәсіптік училище  болып қайта құрылған.  Ол 1912 жылы №16 мектеп болып құрылып, жаңа ғимаратқа көшірілген. Осы корпус әлі күнге дейін пайдаланылып келеді, онда біздің сабақтарымыз өтеді. Кезінде оның құрылысына қаржыны Қазалы қаласының тұрғындары өздері жинап берген екен. Бұл мектепте Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев та білім алған. Мектепте қазір ол отырған парта мен сынып бөлмесі сақтаулы тұр, оның атында музей де бар. Мектепті 1939 жылы бітірген Геннадий Шляпин Ұлы Отан соғысы жылдарында Днепрден өтер кезде жасаған ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Мектеп өзінің қабырғасынан шыққан басқа да көрнекті тұлғаларды есте сақтап, қадір тұтады.

Оқушыларға екі тілде сабақ үйрететін мектепте мемлекеттік тілді меңгермегендер сирек. Балалардың  дені қазақ тілініде еркін сөйлейді. Шәкірттер сонымен қатар орыс және  ағылшын тілдерін үйренуге де айрықша құштар. Ондағы көптеген сыныптарға ағылшын тілінен дәрісті мектеп директоры Оңталап Романовтың өзі береді. Директор ағылшын тілінен басқа, неміс және француз тілдерін де жақсы біледі. Оған бұл жөнінен жұбайы, неміс және француз тілдері пәндерінің мұғалімі Нағима Әбутұрапова әрдайым көмекке де келе алады.

Мектеп оқушылары шетел тілдері жөніндегі Олимпиадалардан үнемі жүлделі орындар алып  жүр. Мектеп түлектерінің жыл сайынғы бірыңғай ұлттық тестілеу сынағынан алатын балдары да жоғары. Соның арқасында түлектердің барлығы дерлік грант  бойынша жоғары оқу орындарына түсіп келеді.

Жүз елу жылдан астам тарихы бар ынтымағы жарасқан ұжымның қазіргі бет-бейнесі осындай.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе